Наурыз келді, бақ келді!
Наурыз — шығыс елдерінің бүкілхалықтық мейрамы, Ұлыстың ұлы күні. Наурыз шығыс халықтарында жыл басы мерекесі ретінде тойланып, ерекше күн ретінде аталып өтіледі. Наурыз шығыс елдері үшін бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде тойланған. Сондықтан да болар, бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмаған.Бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алған. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық, мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан белгілері мен таным ұғымдарының үлгі түрлері өте көп.
Наурыз мерекесін асыға күтетініміз, ерекше даярланатынымыз содан болса керек. Балабақша ұжымы да Наурыз мерекесіне ерекше дайындалып, қуана қарсы алдық. Мерекелік ертеңгіліктер барлық топтарды ерекше көңіл-күймен өтті. Халқымыздың салт-дәстүрлері, ұлттық ойындар мерекелік ертеңгілік бағдарламасының негізі болды. Балалар ұлттық киімдер киіп ән айтып, би билеп, тақпақ айтып мерекені әрлендірсе, ата-аналар ұлттық тағамдарын ақ дастарқанға жайып бата-тілектерін айтты. Балабақшамыздағы Наурыз тойы үлкен-кішінің көңілінен шығатындай ерекше болды!